17 қар, 2023 сағат 15:07

Starlink құрылғыларын өз еркімен қосқандарға айыппұл салынады - министрлік

Фото: pixabay.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті Байланыс саласындағы бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов Starlink интернет технологиясына жеке адамдардың қосылуы мүмкіндігіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында тілшілер SpaceX компаниясының Starlink интернет технологиясына жеке адамдардың қосылуын заңнамалық реттеу мүмкіндігі туралы сұрады.

«Қазір ғаламторда Starlink-ке арналған құрылғылар сатылып жатыр. Бұл құрылғыларды іске қосу заңды ма?», - деп сұрады журналистер.

«Расында да мұндай жарнамалар кездесіп жатыр. Сондықтан тиісті органдар осыған қатысты түсіндіріп жатыр. Қазір оны дәл осы нұсқада пайдалану қолданыстағы заңнама талаптарын бұзады, себебі қауіпсіздіктің кейбір ережесіне сай келмейді. Бұл тұрғыда, пилоттық жоба (еліміздегі мектептерді Starlink-ке қосу) аясындағы техникалық жұмыстар аяқталып, заңға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін аталған құрылғыларды жеке адамдардың пайдалануы заңсыз болып есептеледі», - деді Төлегенов.

Оның айтуынша, заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін қазақстандықтар бұл жабдықтарды пайдалана алады. Қазір осы құрылғыларды заңсыз қосқандар бастапқыда ескерту алады. Егер бұл дерек қайталанса, онда 10 АЕК сомасында айыппұл салынады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылды.