03 ақп, 2021 сағат 15:11

"Спутник V" вакцинасынан кейін иммунитет екі жыл сақталады – Қиясов

"Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін коронавирусқа қарсы иммунитет екі жыл сақталады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

1 ақпанда қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіле бастады.

"Күні кеше ғана әлемдегі жетекші медициналық журналдардың бірі Lancet «Спутник V» вакцинасының SARS-CoV-2 коронавирусты жұқтыруға қарсы тиімділігі 91,6 пайызды құрайтындығын жариялады. Бұған қоса, «Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитеттің кемінде 2 жыл сақталатындығы дәлелденген. Сонымен қатар вакцина коронавирустың «британдық» және «оңтүстікафрикалық» сынды жаңа штаммдарына қарсы тиімді екендігі де маңызды. Мұнан бөлек, вакцинаны әзірлеушілер «Спутник V» вакцинасы COVID-19-дың орта және ауыр өтуінен де қорғайтындығын атап өтеді", - деді Қиясов онлайн брифингте.

Ол вакциналау кезең-кезеңмен жүргізілетінін атап өтті.

Ең алдымен, медицина қызметкерлері, кейін педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлері егіледі.