28 қаң, 2021 сағат 16:20

«Спутник V» вакцинасы иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді - маман

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықта 2 млн адамға вакцина салынса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш екі есеге артып, 4 млн адамға жетеді. Бастапқы кезеңде ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Аталған вакцина қандай, халықты жаппай вакцинациялау қаншалықты маңызды және бұл туралы жетекші ғалымдар не дейді. Бұл сұрақтарға тілшіміз жауап іздеп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спутник V» - аденовирус векторына негізделген векторлық вакцина. Сондай-ақ, әлемде алғашқы болып тіркелген вакцина. Оның тиімділігі 91,4%. «Спутник V» вакцинасының коронавирус инфекцияның ауыр жағдайларына қарсы тиімділігі 100% құрайды. Вакцинаны Н.Ф Гамалей атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасады. Орталық - өз саласы бойынша әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу институты. 

Алдағы екі аптада «Спутник V» вакцинасына сұраныс артады. Қазірдің өзінде «Спутник V» вакцинасын сатып алуға 50-ден астам мемлекеттен 1,2 млрд дозаға өтінім қабылданды.

Сондай-ақ, «Спутник V» вакцинасы бойынша халықаралық ғылыми сараптамалық кеңес құрылды, оның құрамына Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Ресей, АҚШ, Франция, Швеция және Хорватия елдерінің вирусология, микробиология, генетика және биотехнология саласындағы ең мықты ғалымдары кірді. «Спутник V» кеңесі ғалымдарының айтуынша, ұқсас платформадағы басқа препараттармен салыстырғанда ресейлік вакцинаның нәтижелері жақсы.

«Спутник V» вакцинациясының матрицалық РНҚ-ның инновациялық технологиясын қолдану арқылы жасалған Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарынан айырмашылығы, SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын (тікенді қабық ақуызы) адам жасушаларына жеткізу үшін кәдімгі суық тиюді тудыратын аденовирус тұқымдасының басқа вирус қабығы қолданылған кезде векторлық технологияны қолданып жасалған. Жасушалар иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады, солайша организм вируспен күресуді үйренеді. Вакцинада COVID-19 тудыратын коронавирус жоқ, сондықтан вакцинациядан кейін ауырып қалу мүмкін емес.

БҰҰ Бас хатшысы COVID-19 пандемиясына қарсы күрестегі ресейлік вакцинаға жоғары баға берді. Антониу Гутеррештің пікірінше, ресейлік препарат пандемиямен күресте маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар, БҰҰ миссияларында қолдануға болатынын жеткізді. Ол үшін ДДҰ сертификатына ие болуы керек. Қазір өтінішті қараудың екінші кезеңі жүріп жатыр.

Bloomberg фармацевтика агенттігінің аға талдаушысы Сэм Фазели ресейлік «Спутник V» вакцинасы туралы мақаласында вакцина туралы мәліметтерді зерттей отырып, оның тиімділігіне сенімді болуға негіз бар екенін атап өтті.

Вакцинаны не үшін салдыру керек?

Коронавирус пандемиясына қатысты жағдай бүкіл әлем бойынша күрделене түсті. Қауіпті індет жұқтырғандардың саны 100 млн-ға жетті. 2 млн астам адам қайтыс болды. КВИ-дің жаңа штаммы пайда болды. Ғалымдар вакцинация коронавирус инфекцияның көбеюін тоқтатуға және эпидемиологиялық жағдайды түзетуге көмектесетінін айтады.

Дәл қазір бұл ауруға қарсы дәрі жоқ. Науқастарға симптоматиялық ем жүргізіледі. Сондықтан бар үміт вакцинада.

Профессор Күләш Құрманова атап өткендей, Ресей мен әлемнің бірнеше елдерінің тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакциналар егіліп жатыр. КВИ-ге қарсы вакцина қанағаттанарлық түрде төзімді, егер вакцинация ережелері сақталса, жанама әсерлер өте сирек кездеседі.

Сонымен қатар, ол біздің елдің тұрғындарына вакцина егу қажет екенін баса айтты.

Ресейде «Спутник V» вакцинациясын жаппай егу 18 қаңтарда басталды.

Қазақстанда вакцинация 1 ақпанда басталады. «Спутник V» екі реттік инъекция схемасы ұзақ мерзімді иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Векторлық вакциналарды қолдану тәжірибесі иммунитеттің екі жылға дейін сақталатынын көрсетеді.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын егудің бірінші кезеңі мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде Қарағанды фармацевтикалық зауытында нарыққа вакциналар жеткізу кестесі жасалған. 

Вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулықта қарсы көрсеткіштерге мыналар жатады: 

- вакцинаның кез келген компонентіне жоғары сезімталдық; 

- анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар; 

- өткір инфекциялық және инфекциялық емес аурулар, созылмалы аурулардың өршуі; 

- жүктілік және емізу кезеңі; 

- 18 жасқа дейін және 65 жастан жоғары (тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметтердің болмауына байланысты);

Сондай- ақ, созылмалы бауыр және бүйрек аурулары, эндокриндік жүйенің ауыр бұзылулары (қант диабеті), қан түзу жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа аурулары, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары, бірінші және екінші иммун жетіспеушілігі, аутоиммун аурулары, өкпе аурулары және аллергиялық реакциялары бар адамдарға вакцина еккенде мұқият болу керек.