28 жел, 2021 сағат 14:36

«Спутник лайт» вакцинасы Қазақстанға қашан жеткізіледі?– ДСМ жауабы


Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ревакцинация үшін «Спутник лайт» вакцинасын жеткізуге қатысты келіссөз жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеткізушілермен күнделікті келіссөз жүргізіліп жатыр. «Спутник лайт» бойынша алдын ала келіссөз жасалды. Әзірше, 2020 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 1 млн доза жеткізіледі», - деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, алдын ала уағдаластыққа сәйкес желтоқсан айының соңында немесе қаңтар айының басында «Спутник лайт» вакцинасының 150 мың дозасы Қазақстанға жеткізілмек. 

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев жаппай ревакцинация жүргізуді тездету қажеттігін айтқан болатын. 

«Ревакцинацияға 9,2 млн адам жатады. Оның ішінде 400 мыңнан астам адам ревакцинациядан өткен. Оны жасау үшін вакцинаның жеткілікті көлемі бар. Осы жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы бірінші тоқсан арасында вакцинаның 5 млн дозасы жеткізіледі деп жоспарланды», - деді Жандос Бүркітбаев.