Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасарлары ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамады», - деді ол агенттік алаңында өткен онлайн брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Олар Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналаған оқу корпусы» құрылыс нысанын салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырды деген күдікке ілінді», - деді Данияр Биғайдаров.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шешеді.