13 қаң, 2018 сағат 10:58

"Советтік ең жас қашқынның" тағдыры (Видео)

Владимир Половчак, АҚШ, 1980 жыл.

1980 жылдары әлемнің барлық ірі басылымдарында жарияланған Владимир Половчак туралы жазбаларды интернеттен қазір де табуға болады. Сол кезде ата-анасымен бірге СССР-ге оралудан бас тартқан 12 жастағы жасөспірімге АҚШ билігі араша түскен. Америкалық басылымдар оны "ең жас советтік қашқын" деп атаған, ал совет баспасөзі Вашингтонды "жас баланы кепілде ұстап отыр" деп айыптаған. Владимир Половчактың тағдырына қатысты сот бірнеше жылға – ол кәмелетке толғанға дейін созылды. Өз еркімен АҚШ-та қалған "бала қашқынды" Азаттықтың Украин қызметі 38 жылдан кейін іздеп тауып, сұхбат алған.

1980 жылы Владимир Половчак отбасымен – әке-шешесі, әпкесі және інісімен бірге АҚШ-қа эмиграцияға кеткен. Олар туыстары тұратын Чикагоға Львов облысы Самбор қаласынан көшіп барған. Бірақ көп ұзамай әкесі СССР-ға қайтып оралуды ұйғарған. Ал Владимир мен әпкесі Наталия болса Америкада қалуды қалаған. Ол кезде Наталияның жасы 17-де болатын, яғни қай елде тұратынын өздігінен шеше алатын кәмелетке толуына бір жыл қалған еді. Ал Владимирдің тағдыры үшін нағыз күрес басталды. Қырғи-қабақ соғыстың жаңа айналымы қызған тұста басталған сот процесі саяси сипат алып, совет баласының тағдыры үшін тартыс адвокаттардың емес, АҚШ пен СССР-дің тайталасына айналды.

 

Владимир (сол жақта) және Наталия (оң жақта) Половчактар адвокат Юлиан Куляспен бірге. АҚШ, 1980 жыл.
Владимир (сол жақта) және Наталия (оң жақта) Половчактар адвокат Юлиан Куляспен бірге. АҚШ, 1980 жыл.

 

Владимирдің өзі Америкада қалғым келеді деген ойынан қайтпаған. Сотта оның қорғаушылары Совет одағына кетсе, балаға қауіп төнеді деп мәлімдеген. Әке-шешесінің адвокаттары "Владимир мен Наталияны шын мәнінде ұрлап кетті" деп мәлімдеген. Совет баспасөзі де осы тұжырымды таратты.

Ақыры сот Владимир Половчакқа кәмелетке толғанға дейін уақытша баспана беруді ұйғарды. Владимир 1985 жылы 18 жасқа толып, АҚШ азаматтығын алды, ал 1988 жылы оның "Еркіндік перзенті: ата-анасынан және Совет одағынан Америкаға қашқан қайсар жеткіншектің хикаясы" деген кітабы шықты.

 

Владимир Половчактың "Еркіндік перзенті" кітабының мұқабасы.
Владимир Половчактың "Еркіндік перзенті" кітабының мұқабасы.

 

1990 жылғы қарашада Нью-Йорктегі Эллис аралында иммиграция мұражайын ашу рәсімі туралы репортаж Азаттықтың мұрағатында сақтаулы. Оған Владимир Половчак та қатысқан. Ол кезде советтік ең жас қашқынның жасы 22-ге толған еді әрі жоғары білім алған болатын. Ол тұрмысқа шығып, басқа қалаға көшіп кеткен әпкесі Наталиямен араласып тұрған. Наталия мен Владимир Совет одағына оралған туғандарымен де жиі хат жазысып тұрған. Ол кезде бұл жайлы екеуінің адвокаты сұхбатында айтып берген. Ал Владимир Половчактің өзімен сөйлеудің сәті енді ғана түсті. Уолтер (Владимирдің қазіргі есімі) Половчак әлі Чикагода тұрады, қазір 50 жаста. Ол кішкентай бала болғанына қарамастан, сол кезде әке-шешесіне қалай әрі неліктен бағынбағанын Азаттық тілшісіне айтып берді.

- Біз Америкаға 1980 жылы көшіп бардық. Ол жақта 4-5 ай тұрғаннан кейін әкем СССР-ға қайтып оралғысы келді. Бірақ совет билігі "ол жаққа бүкіл отбасыңмен кеткенсің, сондықтан бәрін алып қайтасың" деген шартпен жалғыз оралуына рұқсат бермей қойды. Сондықтан ол анамды кетуге көндірді, бізді де алып кетуге тырысты. Ол кезде әпкем Наталия 17 жаста, ал мен 12-ден енді ғана асқан едім. "Үйге қайтуға жиналу керек" деген әңгіме басталды. Украинадағы, Совет одағындағы жағдайды білгендіктен әкемді "Мына елде тұрып көрелік, не боларын байқайық" деп үгіттеп көрдім. Ол "Елге қайтамын, сен де бірге кетесің" деп қоймады. "Ол жаққа қайта барғым келмейді, осында қалып, осы елде тұрып көргім келеді" дедім.

- Сізге Америкада тұру сол кезде ұнап қалып па еді?

- Бұл жаққа біз демалу үшін емес, тұру үшін кеткенбіз. Айналдырған төрт айдың ішінде ел ұнай ма, әлде ұнамай ма – түсінбейсің, тіл білмейсің, бірақ өзгеше қызық ел. Бұл жақта бәрі басқаша екен – шіркеуге баруға, еркін өмір сүріп, еркін сөйлеуге болады. Ал ол кезде СССР-да, Украинада ондай еркіндік жоқ болатын. Мен мұны түсінетінмін, өйткені Украинада пионер қатарына өтіп, мектепте оқыдым ғой. Әкем оларға ілескім келмегеніне қатты ашуланды. Ол "полиция шақырамын да, оларға 100 доллар төлеймін, сосын сені ұшаққа байлап апарады" деді. АҚШ-та полиция адамдарға қалай қарайтынын ол кезде білмеймін ғой, ал бірақ Украина мен Совет одағында мұндай нәрсе әбден мүмкін екенін білетінмін. Сондықтан қорқып, үйден қашып кеттім.

- Ал әкеңіз неліктен СССР-ға оралғысы келді?

- Бұл біз үшін күтпеген шешім болды, бірақ не себепті оралғысы келгенін сол күйі түсінбедік. Ол кісіге АҚШ-та тұру ұнаған жоқ. Ол автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген қарапайым адам болатын, бұл жақтағы өмірге үйрене алмады. Ол кісіге қиын болды, өйткені ағылшынша сөйлей алмайтын, өмірді қайтадан бастауы тиіс болды. Бұл жақта туыстарымыз – туыс әпке, ағаларым, немере ағам болды. Олар бізге қарайласып тұрды, әке-шешем жұмыс тапты. Бірақ әкеме бұл жақ сонда да ұнаған жоқ, шыдай алмады. Ол "АҚШ – мен тұратын жер емес екен" деп алғашқы күннен айта бастады.

- Ол кезде сізге АҚШ билігі неліктен көмектесуді ұйғарды деп ойлайсыз? Қырғи-қабақ соғыс қызып тұрғанда сізді екі жақ та пайдалануы мүмкін деп ойлаған жоқсыз ба?

- Иә, ол кезде қырғи-қабақ соғыс заманы болатын, бірақ мен оны түсінген де, ол жайлы ойланған да жоқпын. Әйтеуір осы жақта қалғым келді. Совет одағында 12 жыл тұрдым, сондықтан ол жақтағы өмірім, болашағым қандай болатынын түсіндім. Ал бұл жақта шіркеуге баруға болады, бұл үшін сені ешкім Украинадағы сияқты қудаламайды. Бір жерден екінші жерге көшкің келсе, мемлекеттен ешқандай рұқсат алудың керегі жоқ. Бұдан да қарапайым тілмен түсіндіргенде, дүкенге барып, ол жерде қалаған нәрсеңді сатып алуға болатынын көрдік. Ондайды өмірімде көрмеппін! Украинада адамдар нанның кезегінде екі сағат тұрғанын көргенмін. Сол кездің өзінде дүкендерде ештеңе жоқ болатын.

Егер кетсем, бұл жаққа ешқашан оралмайтынымды сол кезде түсіндім. Сондықтан үйден қашып кеттім. Полиция екі аптадан кейін мені немере ағамның үйінен тұтқындады. Ол кезде ештеңе түсінген де, мені полиция бөлімшесіне апаратынын да білген жоқпын. Полиция мені үйдегілерге ерегесіп қашып кеткен, сондықтан әке-шешесінің қолына табыстау керек деп ойлады. Оларға жағдайды түсіндіре бастадым. Бірақ ешқайсысы украин тілін білмейді, ақыры әлдебір ұлты поляк аудармашы әйелді тауып әкелді. Ол кісі "Әке-шешеңе қайтып баруға тиіссің" деп айта берді. Оған егер қайтып барсам, мына елден алып кетеді, әке-шешеммен бірге тұрғым келмейді, өйткені СССР-ға оралғым келмейді деп түсіндіруге тырыстым. Полиция бөлімінде мені сегіз сағат ұстады, олар әлдебір құжаттарға қол қойдырғысы келді, бірақ ешқандай қағазға қол қоймаймын деп ұйғардым, өйткені алып кетеді деп қорықтым. Сол арада біреулер телеарнаға қоңырау соғыпты. Үйден әке-шешеммен бірге тұрғым келмегендіктен емес, олардың өзімді елден алып кеткенін қаламайтындықтан қашқанымды полиция қызметкерлері сол кезде ұқты.

- Ол кезде ағылшын тілін білмейтінмін деп айтқансыз. Әке-шешеңіз әпкеңіз екеуіңізді қалдырып, өздері АҚШ-тан кетіп қалғаннан кейін қалай өмір сүрдіңіздер?

- Қатты уайымдадық. Әуелгіде немере ағаммен бірге тұрдық. Ол кезде Совет одағы АҚШ жас баланы "ровер" және Jell-O (мопед және кәмпит. – Азаттық) сияқты нәрелерге қызықтырып, алдап алып қалды, тіпті баптистер ұрлап әкетті деп айта бастады. Яғни, үгіт-насихат басталды. Қорқынышты болды, өйткені 12 жастағы бала әке-шешесінің қарауынсыз қалғысы келеді деген оқиға бұрын ешқашан болып көрмеген еді. Не болғанын әпкем екеуміз ептеп түсіне бастадық. Ол тұста мен мемлекеттің қорғауында болдым, әпкем екеуміз мені КГБ (СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) ұрлап әкетіп, елден алып кетеді деп қорықтық, өйткені іс саяси реңк ала бастады. Өте қорқынышты кез еді. Мұнда қалай қалып қойғаныма өзім де әлі күнге қайран қаламын.

 

1980 жылы совет газеттерінің бірінде шыққан мақала (сурет http://news80.livejournal.com/ сайтынан алынды)
1980 жылы совет газеттерінің бірінде шыққан мақала (сурет http://news80.livejournal.com/ сайтынан алынды)

 

- Чикагода әпкеңіз екеуіңізге туыстарыңыздан бөлек тағы кімдер көмектесті? Чикагода тұратын украиналық диаспора қарайласты ма?

- Иә, көмектесті, бізге украиналық диаспора да, католик шіркеуі де, православ шіркеуі де, баптистер шіркеуі де көмектесті. Туыс екі ағамыз, немере ағам қамқор болып, ақшалай көмектесіп, тамақ, киім-кешек сатып әперіп тұрды.

- Қазір жағдайыңыз қалай? Осы кезге дейін Чикагода тұрдыңыз ба, отбасыңыз бар ма?

- Иә, Чикагода, Америкада тұрып жатқаныма бірер күннен кейін 38 жыл болады. Осында орнығып, ағылшын тілін тез үйреніп алдым. Біраз уақыт украин тілінде сөйлемегендіктен, ана тілімді сәл ұмытыңқырап қалдым, бірақ сегіз жыл бұрын бауырым келді, сондықтан екеуміз украин тілінде қайта сөйлесе бастадық.

- Әпкеңіздің тағдыры қалай болды?

- Ол тұрмысқа шықты, қазір 24 және 26 жастағы екі қызы бар. Әпкем Чикагодан 200 километр жердегі Шампейн қаласында тұрады, ол қала да Иллинойс штатына қарайды.

 

Владимир Половчактың мектепте оқыған кездегі суреті.
Владимир Половчактың мектепте оқыған кездегі суреті.

 

- Әке-шешеңізден ажырап қалғаннан кейін ол кісілермен араласып тұрдыңыздар ба? Қонаққа барған жоқсыздар ма?

- Әлгі шу басталғаннан кейін шамамен сегіз айдан соң әке-шешемізді Вашингтонға көшіріп әкетті, екеуі сол жақтан Мәскеуге ұшып кетті. Олармен, Совет одағымен сот кезінде араласуымыз өте қиын болды. Сондықтан 8-9 жылдай бұл жағынан ештеңе өзгерген жоқ. Телефон соғу қымбат немесе жазған хатың бір ай жүретіндіктен емес, бір-бірімізге қырын қабақ болдық. Ол жаққа алғаш рет Совет одағы ыдырап, Украина тәуелсіз елге айналғаннан кейін – 1993 жылы бардым. Әке-шешеммен араласа бастадым. Сол кезден бері Украинаға шамамен екі жылда бір рет барып тұрамын.

- Әке-шешеңіз қайтыс болғаны туралы оқыдым.

- Иә, екеуі де қайтыс болған, бірақ Украинада қарындасым тұрады.

 

Владимир Половчактың (ортада) бала күнінде ата-анасы және әпкесі Наталиямен бірге стүкен суреті.
Владимир Половчактың (ортада) бала күнінде ата-анасы және әпкесі Наталиямен бірге стүкен суреті.

 

- Ертеректе берген сұхбаттарыңызда АҚШ-та қалғаныма өкінбеймін деп айтыпсыз. Ал әке-шешеңіз балаларын қалдырып, Совет одағына оралғандарына өкінді ме, ол туралы сізге айтқан жоқ па?

- Әкеммен бірге кері оралғанына анамның өкінгенін білемін. Дүние салар алдында әкем де "қателік жасадым" деп айтты. Ал біз Америкада қалғанымызға қуанамыз. Украинада қиын заман басталған кезде, ол кісілерге мына жақтан аздап көмектесіп тұрдық. Ақыры отбасымыздың жағдайы азды-көпті түзелді.

- Ал Украинада соңғы рет қашан болдыңыз?

- Ол жаққа көбінесе жалғыз барамын. Отбасым екі мәрте барып қайтты. Олармен бірге осыдан бес жыл бұрын інім үйленген кезде барғанбыз. Ал соңғы рет – бір жарым жыл бұрын Львовқа жалғыз барып қайтқанмын.

- Украинадағы жағдайды бақылап отырасыз ба?

- Қалт жібермей бақылап, жаңалықтарды оқып отырамын. Украинаның тәуелсіз ел болуға ұмтылысын құптаймын, адамдары еркін, Америкадағы біз сияқты мүмкіндіктері мол болса екен деп ойлаймын. Жағдайы біртіндеп дұрысталып келеді, бірақ бұған көп уақыт керек. Украинаға алғаш барған 1993 жылдан бері көп өзгеріс болғанын байқаймын. Украинада тұратын адамдардың өздері мұны онша қатты сезінбейтін шығар, өйткені олар бұдан да үлкен өзгерістер болғанын қалайды, алайда өмірді, тұрмысты жақсарту үшін уақыт керек. Бірақ қазір Украинаның дұрыс бағытпен бара жатқанына сенемін.

(Азаттықтың Украин қызметі тілшісі Алена Ремовская алған сұхбат орысшадан аударылды.)

"Советтік ең жас қашқынның" тағдыры