Әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде жедел кеңес өткізді, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын сапалы және уақтылы іске асыру үшін бірқатар міндеттерді белгіледі.
«Жедел кеңесте атап өтілгендей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету бойынша полиция қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру жобаларын жедел іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 95%-ы электронды форматта ұсынылады, нәтижесінде халықпен тікелей байланыс барынша азайтылып, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады. Бұдан басқа, әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу электрондық форматқа ауыстырылады. Азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін толық және тиімді іске асыру үшін қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу мәселесі ерекше бақылауда тұр», - деді Н. Ораз апталық онлайн брифингіде.
Оның атуынша, кеңесте адам құқықтарын қорғау, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жұмыс ІІМ-нің тұрақты бақылауында екені атап өтілді.
«Сотталғандардың құқықтық жағдайы жақсаруда, олардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдайлар жақсаруда, медициналық қызмет көрсету азаматтық денсаулық сақтау органдарына берілді. Министр кеңес барысында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийі – бұл, ең алдымен, азаматтардың сенімі екенін ерекше атап өтті. Сондықтан ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілерін жою бойынша қажетті шараларды қабылдау басты міндеттердің бірі болып саналады. Қазір жүргізіліп жатқан реформалар аясында негізгі міндеттердің бірі - қазақстандық полицейдің жаңа бейнесін қалыптастыру болып отыр. Көп жағдайда оны жүзеге асыру ведомстволық оқу орындарының нәтижелеріне байланысты. Осыған байланысты ведомство білім беру процесінің сапасына және кәсіби кадрларды даярлауға назар аударады. Бұл фактор қазақстандық полицейдің жаңа келбетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», - деді ресми өкіл.
