Алматы облысының Панфилов аудандық соты Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға алты ай шартты жаза кесіп, Қазақстанда қалдыру туралы үкім шығарды. Судья Динара Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім кесті. Бұл туралы Азаттық жазды.
"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын" деді судья шешімді оқығанда.
Судья үкім оқыған кезінде сот барысында Сайрагүл Сауытбайдың қылмысты "отбасымен қауышу мақсатымен жасағаны" анықталғанын, қылмысы "ауыр емес" деп есептейтінін айтты.
Судья Сайрагүл Сауытбайға жаза тағайындауда Қазақстан қол қойған БҰҰ-ның халықаралық Бала құқықтары жөніндегі конвенциясы басшылыққа алынғанын айтты. Сауытбайдың этникалық қазақ екені әрі Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бары ерекше жағдай ретінде ескерілген.
Үкімнен соң Сайрагүл Сауытбай сот залынан босатылды.
Бүгін түске дейін соттың жарыссөз кезеңінде прокурор Арзыгүл Имярова оны Қазақстан аумағынан шығармауды, жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатуды сұраған. Прокурор Сауытбайдың балалары Қазақстан азаматы екенін, осы елде тұратынын және балаларымен кездесуін қамтамасыз ету қажеттігін айтқан. Ол осыған байланысты әрі Сауытбай қылмысын мойындағандықтан оған Қазақстаннан шығару жазасы қолданылмайтынын жеткізген.
Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстағанын хабарлаған.
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.