30 қаз, 2023 сағат 15:48

Сот науқастарды қинаған студентке қатысты үкім шығарды

видео кадры

Елордада айықпас дертке шалдыққан науқастарды қорлаған студенттің ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.

Тергеу материалдарына сәйкес, оңалту орталығының санитары дәрменсіз күйдегі үш пациентті қинады деп айыпталды (ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармағы).

Жас жігіт хосписте санитар және оңалту орталығында жаттығу терапиясының нұсқаушысы болып жұмыс істей отырып, физикалық жаттығулар кезінде егде жастағы және кәмелетке толмаған науқастарды жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптаған.

"Сотталушының кінәсі бейнежазбалармен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.

Прокурор оны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер болса заңға сәйкес жаза тағайындауды және моральдық зиянды өтеуді сұрады" - делінген хабарламада.

Сот айыпталушының кінәні мойындауын және шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

"ҚК 110-бабы 2-бөлігінің санкциясы 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот сотталушыны азаптау фактісі бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушілердің пайдасына 2 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу сомасы өндірілді" - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Нәжісті жеуге мәжбүрледі

Адам нанғысыз сұмдық жағдай жергілікті хосписта болған. Онда тағдырынан теперіш көріп айықпас дертпен күресіп жатқан науқастар жатады. Сол жерде тағылымдамадан өткен студент жігіт пациенттерді басынан ұрған, қолымен нұқыған, ең сорақысы, мүгедектердің жөргектерін ашып, ондағы нәжісті жеуге мәжбүрлеген.

Өліммен арпалысып жатқандардың басына пакет кигізген, одан қалса, жерге жатқызып тепкен. Соның бәрін видеоға түсіріп, жора-жолдастары отыратын арнайы чатқа жіберіп отырыпты.

Ал достары байбалам салудың орнына, керісінше қолдап-қолпаштап, әлеуметтік желіге таратып жіберген.

Хоспис басшылығы желіде желдей ескен видеодан кейін дәрігерсымақты бірден жұмыстан шығарып жіберіпті. 21 жастағы студент кішіпейіл болып көрінген, науқастардың іші-бауырына кіріп тұрған.

Палеативті орталықтан оңай құтылған студент-дәрігер озбырлығын басқа клиникада жалғастырған. Мұнда да тағдыры онсыз да маңдайынан сипамаған балаларды ұрып-соққан. Тіпті сексуалдық сипаттағы қорлық көрсетіпті.

10 отбасы студенттің үстінен шағым түсірген. Бірақ сот отырыстары бір жылға созылып кетті. Осы уақыт ішінде дерті дендеген бесеуі о дүниелік болған.