17 сәу, 2023 сағат 17:46

Сот Мұхамедиұлының өтінішін қанағаттандырмады

Фото: Primeminister.kz

Сот Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырмады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Байқоңыр аудандық №2 сотында өтіп жатқан сот отырысы барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберуді сұраған еді. Ол денсаулығы нашарлап бара жатқанын алға тартқан болатын. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмады.

"Сот адвокат Төлеевтің алдын ала тыңдау тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырып, Мұхамедиұлына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуден бас тартты", - делінген сот қаулысында.

Қаулыда судья Бағлан Ыдырысов сотталушылар бостандықта жүрген кезде қылмыстық істі қарауға кедергі келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Сонымен қатар, сотталушы Мұхамедиұлы мен Күшенов ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Мұхамедиұлының ауруы бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Себебі азаматтарға медициналық көмек көрсету ережелері бар, оған сәйкес сотталушы тергеу изоляторында медициналық көмек ала алады", - делінген қаулыда.

Еске салайық, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады. 

Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.

Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды.