Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны ақтап шықты. Оған бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айып тағылған болатын. Бүгін Судья Жанат Егембердиева жаңа үкімді оқыды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Экс энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа мен «ТКШ дамыту қоры» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен «ENERСО» компаниясының директоры Ерлан Нәбиевке қатысты үкімнің жариялануы үш сағаттан астам уақытқа созылды. Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жанат Егембердиева 115 томды құрайтын іс материалдарын оқып берді.
Қылмыстық іс материалдарын зерделеп, сотталушылардан, жәбірленушілердің өкілдерінен, айыптау куәгерлерінен, сондай-ақ қорғаушылардан, сарапшылардан, мамандардан жауап алып, сот сотталушылардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы айыптау актісінде қылмыстық әрекет жасау тәсілін, атап айтқанда: ұрлау қалай жасалғанын – иемденіп алу немесе жымқыру арқылы екенін көрсетпеді. Іс бойынша жүргізілген, іс бойынша келтірілген залал сомасын болжамды растайтын сараптамаларды сот оларды жүргізу тәртібінің елеулі бұзылуына, сараптамалардың, сарапшылардың, сондай-ақ мамандардың қорытындысына байланысты жол берілмейтін дәлелдеме деп таныды. Олар шындыққа жанаспады және олар келтірілген шығын мөлшерін растамады. Айыпталушылар арасындағы қылмыстық қастандық фактісі сот тергеуімен расталған жоқ. Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәлілігі туралы жеткілікті және бұлтартпас дәлелдер алынған жоқ. Іс бойынша жүргізілген тергеу әрекеттерінде кінәліліктің дәлелі жоқ. Жауап алынған куәгерлер сотталушылардың кінәсін тікелей немесе жанама түрде растамады», - деп түсіндірді Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жанат Егембердиева.
Сондай-ақ, судья сот тергеуінде залал сомасы анықталмағанын атап өтті. Бұл қылмыс құрамының жоқтығын көрсетеді.
Ақталғандар тергеу органдарына талап арыз беріп, заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін моральдық зиянның өтелуін талап етуге құқылы.
Жанат Егембердиева осы қылмыстық істі тергеу кезінде ҚІЖК нормаларының бұзылуына жол бергені үшін Бас прокуратураға қаулы шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа 2018 жылдың 18 қарашасында қамауға алынды. Оған және тағы екі күдіктіге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысының Саран қаласында жылу есептеу құралдарын сатып алуға және орнатуға бөлген 104 млн теңгені қаражатын жымқырды деп айып тағылған болатын.
Бұған дейін прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған. Шкарупа мен адвокаты айыптың "ойдан құрастырылғанын" айтып, ақтауды сұраған. Сейсенбі күні сот үкімі оқылғаннан кейін судья оны босатты. Екі жыл бойы тергеуде болған Шкарупа басында – тергеу изоляторында, кейінірек үйқамақта болған.
Сот бұл іс бойынша айыпталған "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевті де ақтады. Оларға прокуратура 8 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Сот "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының айыпталушылардан 380 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық шағымын да қанағаттандырмады.
25 қаңтарда жарыссөзден кейін үш айыпталушы "қылмыс құрамының жоқтығын және ақша жымқыру фактісі дәлелденбегенін" алға тартып, өздерін ақтауды сұраған. Олардың сөзіне қарағанда, жылу қазандығының құрылысы өздеріне қатысы жоқ себептерге байланысты аяқталмаған.