
1 қазанда Павлодар қаласы №2 сотында Арон Атабекке қатысты оның науқастануына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қаралды, - деп хабарлайды Павлодар облыстық соты.
Сотталушы "Омыртқаның мойын бөлігі омыртқааралық дискісінің миелопатиясымен зақымдалуы, жұлынның мойын бөлімі деңгейіндегі дегенеративті - демиелинизирлеуші ауруы" және тағы басқа емделмейтін аурумен ауыратыны анықталған.
Аурудың бұл түрі ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен бекітілген науқастануына байланысты жазасын өтеуден босатудың негізі болып табылатын сотталғандардың аурулар тізбесіне кіреді.
Сот шешімі бойынша, Заң талаптарына сәйкес, (ҚК-тің 75 бабының 2 бөлігі), өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
Заңда баяндалған мән-жайлар мен процеске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды.
Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлға және процестің басқа қатысушылары апелляциялық сот сатысына шағым түсіруіне құқығы бар.
Арон Атабек – ақын әрі диссидент. 2014 жылдың сәуірінен Павлодарда жазасын өтеді. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған.
Биыл 31 қаңтарда Арон Атабек 68 жасқа толды. Ақтөбеде азаматтық белсенділер ақынның туған күнінде наразылық акциясын өткізіп, биліктен оны босатуды талап етті.
1097 рет оқылды