Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты қырғызстандықтарға тағы да үндеу жасап, саяси диалогқа дайын екендігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қырғыз Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сооронбай Жээнбеков өзінің кезекті үндеуінде кейбір саяси күштердің әрекеті салдарынан соңғы үш күнде елде саяси дағдарыс басталғанын айтты.
«Барлық қырғызстандықтар саяси ауыр жағдайды бастарынан өткізуде. Мен осы жағдайды реттеу туралы сіздердің талаптарыңызды толық түсінемін. Мен Президент ретінде дағдарыстық мәселелерді шешу бағыттарында барлық күш-жігерімді салатын боламын. Осы мақсатта түрлі саяси күштермен жеке келіссөздер өткіземін. Айта кетейін, қазірге дейін жағдайды реттеу үшін бір де бір тарап келіссөздер жүргізетін бірыңғай алаң ұсынған жоқ. Сондай-ақ, түрлі лауазымды тұлғаларды қызметтен босату және тағайындау процесін заңдастыру қажет», делінген Сооронбай Жээнбековтің кезекті үндеуінде.
Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.
Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккен адамдар саны 911-ге жетті.
Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды.
6 қазанда Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.