06 сәу, 2020 сағат 09:55

Соңғы үш күнде 42 500 теңгені алу үшін 1,2 млн өтініш түсті – Нұрымбетов

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен төтенше жағдай кезіндегі кірісті жоғалтқан азаматтарға әлеуметтік төлемдерден әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бойынша онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңге – ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдар үшін қарастырылған төлем. Бұл – көмектің бір түрі ғана. Зейнетақы, жәрдемақы уақытылы төленуде. Ай сайын 300 млрд теңгеге дейін төленуде. Ол индекстеледі. Кәсіпкер азаматтарға үкімет тарапынан салық, несие, коммуналдық шығындарды төлеу мерзімін кейінге шегеруге қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар жасына, санатына қарамастан, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға бюджеттің есебінен, «Biz bіrgemiz» қорының есебінен және еліміздегі патриот азаматтардың атынан азық-түлік топтамалары және ақшалай көмек көрсетіліп жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға осы сақтандыру қорынан бөлек жұмысынан айырылған жағдайдағы төлем бар», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемге өтініш қабылдайтын egov.kz және 42500.enbek.kz порталы жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Соңғы үш күнде 42500.enbek.kz порталына 1 284 000 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта электрондық қолтаңба қолдану қажеттігі жоқ. Оны СМС арқылы келетін парольмен растауға болады. Телеграм-бот бүгін іске қосылды. Оның қосылуы кешіккен себебі – алаяқ адамдар фейк телеграм-боттарды жариялап, халықты жаңылыстырды», - дейді ол.