Соңғы 3 жылда шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз араласқан 360 лауазымды тұлға сотталды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаменті басшысының орынбасары Данияр Ақуан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Агенттік шағын және орта бизнес қызметіне мемлекеттік органдардың заңсызараласу фактілерінің жолын кесу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Соңғы 3 жылда және осы жылдың өткен кезеңінің ішінде бұл бағытта 1 043 фактісінің жолы кесіліп, 724 лауазымды тұлға жауапқа тартылса, оның 360-ы сотталды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, агенттік қабылданған шаралар 1 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді. Бұл ретте заңсыз әрекеттердің 786 фактісі парақорлыққа, 96-сы алаяқтыққа және 44-і лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануға қатысты болып отыр.
Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу процедурасын өткізу барысындағы жемқорлық тәуекелдердің тыйылмай отырғандығын баса айтты.
«Мәселен, Қостанай облысында облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Наурызов пен оның орынбасары Бөпежанов сотталды. Олар зертханалық зерттеулер жүргізуге арналған препараттарды жеткізу бойынша төлем құжатына кедергісіз қол қойғандары үшін ЖШС өкілінен 4,4 млн теңге пара алған»,- деді Данияр Ақуан.