Фото: ашық дереккөз
Петропавл қаласының тұрғыны, кәмелетке толмаған үш баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана бірнеше жыл бойы баспана кезегінде тұрғанымен, оған тиісті тұрғын үй берілмеген. Аталған жағдай бойынша тұрғын сотқа жүгініп, әділдікке қол жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
2007 жылдан бері «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған әйелге ата-анасы қайтыс болған соң, Ольшанка ауылындағы жалпы ауданы 20,2 шаршы метр (оның ішінде тұрғын үй алаңы – 10,5 шаршы метр) болатын үйдің төрттен бір бөлігі мұраға қалған. 2023 жылы ол аталған үлесін көршісіне сыйға тарту шартымен берген.
Бір жылдан кейін әйелге Петропавл қаласынан тұрғын үй кезекте тұрғандарды несиелендіру бағдарламасы бойынша пәтер берілген. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұған келісім бермей, әйелмен сатып алу-сату шартын жасаудан бас тартты. Олар бұрын иеліктен шығарылған үйді «тұруға жарамды» деп есептеп, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 72-бабы 2-тармағын алға тартқан.
Сот барысында мұрагерлік жолмен қалған тұрғын үйдің санитарлық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Оның үстіне жалпы тұрғын үй алаңы – бар-жоғы 10,5 шаршы метр, ал қолданыстағы заңнама бойынша бір адамға кемінде 15 шаршы метрден келуі тиіс. Бұған қоса, жергілікті атқарушы орган отбасы құрамында әртүрлі жыныстағы балалардың бар екенін ескермеген, бұл олардың жеке бөлмемен қамтамасыз етілуін талап етеді.
Сот әйелдің талаптарын орынды деп танып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін онымен сатып алу-сату шартын жасасуға міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.
