02 қар, 2020 сағат 10:02

Сноуден Ресей азаматтығына өтініш беретінін хабарлады

Америка арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден 2 қарашада Ресей азаматтығына өтініш тапсыратынын хабарлады. Ол АҚШ азаматтығынан да бас тартпайтынын мәлімдеді.

2013 жылы АҚШ арнайы қызметінің америкалықтар мен шетел азаматтарын аңдитын бағдарламасы бар екенін әшкерелеп, елден қашып кеткен Сноуден Ресейді паналаған еді.

37 жастағы Сноуден азаматтық жайлы мәлімдеме жасамай тұрып, бір күн бұрын әйелі Линдси Миллстің аяғы ауыр екенін айтқан. Қазан айында Ресей үкіметі оған елде тұрақты тұруға рұқсат берген.

“Ата-анамыздан жырақ кеткелі бері әйелім екеуіміз ұлымыздан ажырамау қажеттігін түсіндік. Сол себепті індетке байланысты шекара жабылған шақта АҚШ-Ресей қос азаматтығына өтініш беріп отырмыз. Линдси екеуіміз баламызға өзіміз жақсы көретін Америка құндылықтарын, оның ішінде ойыңдағыны бүкпей айту қасиетін сіңіріп өсіреміз” деп жазды Сноуден Twitter-де.

Ол АҚШ-қа оралып, туған-туыстарымен қауыша алатын күнді асыға күтіп жүргенін де жазған. 

Мәскеу жақында азаматтық беру тәртібін жұмсартып, адамның туған жерінде берілген құжаттан бас тартпай-ақ Ресей азаматтығын алуға мүмкіндік беретін ережені бекіткен.

Эдвард Сноуден әр жылдары АҚШ орталық барлау басқармасы және ұлттық қауіпсіздік агенттігіне жұмыс істеген. 2013 жылы ол қатардағы азаматтардың телефондарын арнайы қызметтер қалай тыңдайтыны туралы құпия дерек-құжаттарды журналистерге берген еді. Сноуден әшкере қылған жайт АҚШ пен оның Еуропадағы серіктес мемлекеттері, соның ішінде Германиямен арасындағы қарым-қатынастарға сызат түсірген. АҚШ құқық органдарынан қашқан Сноуден 2013 жылы жазда алдымен Гонконгке, кейін Ресейге барды.

АҚШ билігі Эдвард Сноуденге мемлекеттік мүлікті ұрлаған, қорғаныс саласында маңызы бар құпия ақпаратты заңсыз пайдаланған, сонымен бірге мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді әдейі жариялаған деген айыптар таққан. Бұл айыптар бойынша ол 30 жылға сотталуы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп тамыз айында Сноуденге кешірім беру ойында барын айтқан, ал қыркүйек айында Сноуден Франция президенті Эммануэль Макронды өзіне саяси баспана беруге шақырған.