Фото: primeminister.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салуды қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы жылдары 1 млн-нан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруді жыл сайын 200 мың шаршы метрге арттыру көзделген. Атап айтқанда, биыл 15,3 млн шаршы метр немесе 143 мыңнан астам пәтерді аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыстарды уақтылы атқару үшін әкімдіктер нақты нысандар мен олардың орындалу мерзімдерін көрсете отырып, жол карталарын бекітті. Министрлік өз кезегінде әрбір пайдалануға берілетін нысанға ай сайын мониторинг жүргізеді. 4 айдың қорытындысы бойынша жалпы республикалық жоспарлы көрсеткіш 19%-ға артығымен орындалды: жоспарланған 3,6 млн шаршы метрдің орнына 4,3 млн шаршы метр – 36,6 мың пәтер салынды.
Сонымен қатар бүгінде республика бойынша үлестік қатысуы бар 44 проблемалық нысан бар. Министрлік үлестік құрылыс мәселелерін реттеу мақсатында ынталандырушы және қатаңдататын түзетулер пакетін дайындады.
Негізгі ынталандыру шаралары құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетуді көздейді. Бұл құрылыс компанияларына Қазақстан тұрғын үй компаниясынан кепілдік және әкімдіктерден рұқсат алу арқылы өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік береді.
Қатаңдату шаралары үлескерлердің ақшасын тартудың ашық механизімін қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде: салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға байланысты барлық шарттарды ХҚКО-ларда тіркеу, құрылысты одан әрі тоқтата отырып, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту, үлескерлердің ақшасын тартуға бағытталған рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу және басқалар.
Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров баяндама жасады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу туралы міндет қойғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы 130 мыңнан астам отбасы баспана жағдайын жақсарта алды.
«Бұл ретте, жоспар асыра орындалған өңірлердің ішінде Астана, Алматы қалаларын және Алматы облысын атап өтуге болады. Өз кезегінде, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалды», — деді Әлихан Смайылов.
Ол биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатқанын атап өтті.
«Баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызы өте зор. Бұл еліміздің ірі қалаларында барынша өзекті болып отыр. Бүгінде 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Аталған мәселені біртіндеп, жүйелі түрде шешу керек. Бізде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар бағыттар көзделген», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы мұндағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін атап өтті.
«Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдіктер елді-мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол көбінесе, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталатынын, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті.
Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халықтың тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты.
«Мәселен, Астанада «Будапешт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Оның айтуынша, тағы бір өзекті проблеманың бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан «Төлеби Резиденс» тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ.
«Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған «Дублин» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек.
«Құрылысты бақылау шараларын, әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі бірнеше рет көтерілді. Белгілі-бір шаралар қабылданды, алайда ол жеткіліксіз. Осы мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан Құрылыс кодексінде ескерілуі тиіс», — деп айтып өтті Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жоспарлардың толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Премьер-Министр бір ай мерзімде кезекте тұрғандар үшін үй бөле отырып, кешенді құрылыс салуды қаржыландыру механизмін іске қосу бойынша шаралар қабылдауды, және 1 қыркүйекке дейін кезекте тұрғандардың тізімін белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.