04 ақп, 2020 сағат 16:23

Смайылов: Қазақстандық тауарларды ЕАЭО-ға экспорттауға 70-ке жуық кедергі бар

Еуразиялық экономикалық одақ нарығында қазақстандық тауарлардың экспортына кедергі келтіріп тұрған 70-ке тарта шектеу бар. Мұндай мәліметті бүгін елордада өткен Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін айтылғандай, мемлекеттің қолдауына қарамастан шикізаттық емес экспорттың өсімі өте баяу. Бұл ретте, ЕАЭО аясындағы интеграция туралы айтып өткім келеді. Өкінішке қарай, отандық тауарлар біздің серіктес-мемлекеттердің нарығында кедергілермен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінгі таңда дәл мұндай 70-ке тарта кедергі мен шектеу бар. Бұл мәселені барлық алаң мен деңгейде, ЕАЭО кеңесінде де, Мемлекет басшыларының деңгейінде де көтеріп келеміз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл кедергілер әлі де сақталып отыр. Кейбір салада алға жылжу бар десек те, кедергілердің біразы бойынша нақты бір шешімнің қабылданғалы отырғанын көрмей отырмыз», - деді Әлихан Смайылов.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, отандық бизнестің мүддесін қорғау үшін импорттық тауарларға қатысты «айна сипатындағы қорғау шарасын» қолға алу керек.

«Менің ойымша, осы шараны қолға алсақ, әділеттілікке жетер едік. Мәселен, нақты сандармен сөйлейтін болсақ, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығында 30 пайыздық экспорт пен 70 пайыздық импортқа ие болып отырмыз. Яғни, сайып келгенде біз серіктестерімізден қарағанда ішкі нарықты ашу интеграциясы жағынан алға жылжып кеттік. Сол себепті, меніңше, «айна сипатындағы шараларға» қатысты ойланатын кез жетті. Бақыт Сұлтановтан (Сауда және интеграция министрі) бұл тұрғыда нақты ұсыныс күтемін», - деді Әлихан Смайылов.