Сериалдан алынған кадр
Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлері "жастар арасында зорлық-зомбылықты насихаттағаны" үшін Қазақстанда ресейлік "Слово пацана" сериалына тыйым салынуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Саясат Нұрбек сериалға қатысты Ресейдің өзінде бірнеше мәлімдеме жасалғанын атап өтті.
"Біз қазір осы мәселені зерделеп жатырмыз, күні бұрын ештеңе айта алмаймыз. Министрлік өз тарапынан бірнеше сарапшыны тартты, ақпарат министрлігі де зерттеп жатыр. Қажет болған жағдайда қандай да бір шешім қабылдануы мүмкін, бірақ әзірге қатты дүрбелең көріп тұрған жоқпыз", - деді ол Үкіметте өткен брифингте.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та мәселе зерделеніп жатқанын айтты.
"Біз кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымыз, оған төзуге болмайды. Қазір осы мәселе зерделеніп жатыр. Менің білуімше, өндіруші ел де мұны қарастырып жатыр", - деді ол.
Екі министр де ресейлік сериалды әлі көрмеген, айтуларынша, уақыттары болмаған.
Айта кетейік, Ресейлік "Слово пацана. Кровь на асфальте" сериалы 1980 жылдардағы жастар арасындағы қылмыстық топтар туралы баяндайды.
Бұған дейін Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасы ресейлік сериал жастарға кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Тәртіп сақшылары сериал жасөспірімдер мен мектеп ортасында қылмыстық романтиканы насихаттайды, зорлық-зомбылық, ішімдік ішу, дөрекілік пен заңбұзушылықтың көптеген көрінісін қамтиды.
Қарасай аудандық полиция басқармасы ата-аналар мен мектеп мұғалімдерін осы сериалды көрген соң, балаларды бақылауда ұстауға шақырды.