13 нау, 2021 сағат 14:25

СҚО Жер комиссиясының мүшесі жерді сатуға тыйым салатын заң жобасына қатысты пікір айтты

«Мамбетов және К» сенім серіктестігінің директоры, СҚО Жер комиссиясының мүшесі Еркебұлан Мамбетов Парламент Мәжілісіне жолданған жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – дұрыс шешім деп санаймын. Өз уақытында бұл мәселе көп талқыланған. Осы жолы егжей-тегжейлі, жан-жақты қаралды деп ойлаймын», - дейді Еркебұлан Мамбетов. 

Бұған дейін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков те жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасына қатысты пікір білдірген.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ азаматтарға, сондай-ақ шетелдік азаматтың кез келген қатысы бар заңды тұлғаларына жерді сату мен жалға беруді мүлдем қолдамайтынын мәлімдеді. Неліктен? Біріншіден, жер – ата-бабаларымыздан қалған аманат. Екіншіден, қазақтар ешқашан жерге жеке меншік құқығымен ие болған емес. Кейбіреулер Америка, Канада мен Еуропаны мысалға келтіріп, жерді жеке меншікке өткізуге ынталандырады. Бұл жерде тым болмағанда халықтың менталитетін ескеруіміз керек. Бұл мемлекеттерде нені болсын өзіне меншіктеп алу менталитеті бар, ал қазақ халқы үшін жер – ортақ құндылық», - деген болатын Төлеутай Рахымбеков.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағаны туралы жазған болатынбыз.