24 наурызда сағат 23:20-дегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған тағы 2 адам тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.
«Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 36 адам, Алматы қаласында – 29 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Шымкент қаласында – 1 адам, Жамбыл облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам жалпы 72 науқас тіркелді», делінген хабарламада.
Үкіметтің дерегінше, вирус жұқтырғандардың 80 пайызында симптом жоқ я сәл ғана қызуы көтерілген. Нұр-Сұлтанда бір науқас жасанды аппаратқа қосылған.
Бұдан бөлек, Германияда бір және Венгрияда бір қазақстандықтан вирус табылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, Германиядағы қазақстандықтың жағдайы жақсарып, ауруханадан шыққан.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Бұл екі қаладағы барлық сауда орыны мен ойын-сауық орталығы жабық. Тек азық-түлік сататын орындар мен дәріханалар ашық. Ал карантин жарияланбаған басқа аймақтарда базарлар, сауда орындары ашық.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде Covid-19 індетіне шалдыққандар 15 сәуірден кейін азая бастайды деп санайды.