13 қыр, 2019 сағат 10:30

СҚО-да шетел азаматы шекараны жаяу кесіп өткен

Солтүстік Қазақстан облысында елге заңсыз кірген шетелдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 33 жастағы Тәжікстан азаматы соттың шешімімен заңнама тәртібін бірнеше мәрте бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылған.

Алайда біраз уақыттан кейін шетелдік шекараны жаяу кесіп өтіп, Қазақстанға қайтып келген. Енді ол мемлекеттік шекараны заңсыз өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Миграциялық заңнама тәртіптерінің бұзылғаны үшін өңір тұрғындары да жауапты. Заңбұзушылықтардың басым көпшілігі шетелдік қонақтардың уақытында тіркелмеуімен байланысты. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректері де кездеседі.

«Тәжікстан Республикасының төрт азаматын заңсыз түрде жұмысқа тартқаны үшін Шал ақын ауданының 31 жастағы азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктер жұмысқа орналасу рұқсатынсыз еңбек етіп, өңірде тіркеусіз тұрып жатқан. Заңсыз жүргендер де, олардың жұмыс берушілері де жазаланды», - деді баспасөз қызметінде.

Жыл басынан бері облыста ҚР аумағына кіру тәртібін бұзған 1863 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз еңбекке араластырғаны үшін 78 жұмыс беруші жауап берді.