07 мау, 2021 сағат 19:21

СҚО-да аударылған жүк көлігі электр тарату желісін зақымдады


Солтүстік Қазақстан облысында жүк көлігі аударылып, электр тарату желісін зақымдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол- көлік оқиғасы Петропавл маңындағы айналма жолдардың бірінде болған. 

Тіркемесі бар «Volvo» жүк көлігінің 32 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Петропавл тұрғыны ауылшаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшекті артып, Қарағандыға бет алған екен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан электр тарату желісі зақымданды. Сондай-ақ көлікті де жөндеу керек болады. Ал оның жүргізушісі мен жолаушысы зардап шеккен жоқ.

Тәртіп сақшылары осы дерекке қатысты әкімшілік материал жинады.

«Қазіргі уақытта полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін ұстануға шақыру. Ал ж ылдамдық режимін сақтау, қырағылық және жол ережесін бұзуға жол бермеу – қауіпсіздіктің кепілі», - дейді СҚО ПД ППБ командирі Қанат Әлімжанов