17 шіл, 2020 сағат 14:15

«СК Фармация» қызметі тексеріліп жатыр

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СК Фармация» ЖШС-ның қызметіне сырттай сараптама жасау ісіне кірісті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаменттің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында агенттік мүдделі мемлекеттік органдарды, қоғам өкілдері мен сарапшыларды тарта отырып, «СК Фармация» ЖШС-нің қызметіне сырттай сараптама жасау ісін бастады», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, сараптама жасау барысында компанияның нормативтік-құқықтық базасы және ұйымдастырушылық-басқару қызметі жіті зерделенетін болады.

«Нәтижесінде ел басшылығына оның қызмет тиімділігін арттыру, ұйымдастырушылық құрылымын оңтайландыру, бизнес-процестерді трансформациялау, жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша нақты ұсыныстар енгізіледі», - деді Қайсар Баржақсынов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС қоры мен «СҚ Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.