14 сәу, 2018 сағат 13:21

Сириядағы жағдай: Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырады

Ресей АҚШ және оның одақтастарының агрессияшыл қимылдарын талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырады. Бұл жайлы Кремльге сілтеме жасап ТАСС хабарлайды.

«Ресей АҚШ және оның одақтастарының агрессияшыл қимылдарын талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырады», - деп мәлімдеді РФ президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Мәскеу Сирияға жасалған шабуылға қатты алаңдап отырғанын айтты.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Сирияға әуеден зымыранмен соққы жасалғаны хабарланған. АҚШ, Франция және Ұлыбритания Сирия президенті Башар Асадты химиялық қаруды пайдаланды деп айыптап отыр, ал Басадтың өзі Дума қаласында химиялық қарудың қолданылғанын жоққа шығарумен келеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ, Франция және Ұлыбритания тарапынан Сирияға берілген әуе соққылары туралы мәлімдеме жасап, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттерді бірігуге, өз міндеттемелерін орындауға, Сирия халқының қасіретін одан бетер ауырлатуы мүмкін әрекеттер жасамауға шақырды.