Қазақстанның арқасында талай сириялықтың өмірі сақталды. Бұл туралы бүгін Астана процесі 6-шы раундының қорытындысына орай өткен брифингте келіссөздер жөніндегі сириялық жоғары комитеттің кеңесшісі Яхья аль-Ариди айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанға бізді қабылдағаны үшін, шиеленістің басылу процесіне зор үлес қосып, жағдай ушыққан аймақтың өмірін сақтағаны үшін алғысымды білдіремін. Ол 7 жылға созылған соғысты тоқтату үшін Сирияда бітімнің, тыныштықтың орнауына қол жеткізуге ұмтылуда», - деді ол.
Сонымен қатар елордада екі күнге созылған кездесулерде қандай жайттар көтерілгендігін де айтты.
«Бұл раундтың аясында екі маңызды мәселе көтерілді. Ең біріншісі Идлиб өлкесіндегі проблема және оны басқа да деэскалация аймағына қосу болды. Келесі бір мәселе түрмедегі тұтқындар жайы болды. Кейбіреулер оларды «тірідей көмілгендер» деп те айтады. Ол жақта ондаған мың адам бар. Олардың мыңдағаны зорлық-зомбылықпен өлтірілді. Өкінішке орай кепілгерлер тарабынан режім алдында бұл мәселені көтеруге батылдық жетіспеді», - деді Яхья аль-Ариди.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 6-шы раунд нәтижесінде дэскалация аймағының Шығыс Гутта, Хомс өлкесі солтүстігінің белгілі бір бөліктерінде, Идлиб өлкесінде және көршілес өлкелердегі жекелеген аудандарда 4 қауіпсіз аймақ құрылған еді.