Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) алдын ала мәлімет бойынша Ұлыбританиядағы "Manchester Arena" ғимаратындағы концерт кезінде болған жарылыстан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоғын мәлімдеді.
СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Қазақстанның Лондондағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен үнемі байланыста екенін хабарлады. Жарылыс 22 мамыр күні Манчестер қаласында "Manchester Arena" спорт ғимаратында жергілікті сағат 22 шамасында америкалық поп әнші Ариана Гранденің концерті аяқталған кезде болған. Соңғы мәлімет бойынша, жарылыстан 20 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланды.
СІМ мәліметі бойынша, концертке қазақстандық алты студент барған. "Дипломаттарымыз оларға ешнәрсе болмағанын, дәрігер көмегі қажет емес екенін және басқа да серіктерімен бірге тұратын жерлеріне аман-есен жетіп алғанын растады" деп жазды Жайнақов Facebook-те.
Ол СІМ Ұлыбританиядағы Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескерту жасалғанын айтты. Елшіліктің консулдық бөлімінде +44 (0) 7447470570 нөмірі бойынша шұғыл желі ашылған. СІМ қазақстандықтарды Манчестерде жүрген туыстары, жақындары және жақындары болса хабарласып, аман-есендігін білуді сұрайды.