Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Стамбул әуежайындағы ұшақ апатынан екі қазақстандық зардап шеккенін хабарлады.
"Қазақстанның Стамбулдағы бас консулдығы дерегіне сәйкес, 5 ақпанда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18:00-де Стамбул әуежайында болған ұшақ апатынан [өзге жолаушылармен қатар] Қазақстанның екі азаматы зардап шекті. Олар Фатих Сұлтан Мехмет емханасына жатқызылды" деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бас консулдық жағдайдың бақылауда екенін, екі азаматқа қажетті көмек беріліп жатқанын хабарлады.
5 ақпанда Измирден ұшып келген Pegasus әуе компаниясының Boeing 737-800 NG ұшағы қонар кезде ұшып-қону жолағынан шығып кетіп, бірнеше бөлікке бөлінген. Апаттан үш адам қаза тапты, 179 адам зардап шекті. Барлық зардап шеккендер жергілікті ауруханаға жеткізілген.
Ұшақ апатына қатты жел мен жаңбыр себеп болды деген болжам айтылады.