ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан үшін Германия Еуро Одақтағы негізгі стратегиялық серіктес екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Қазақстан-Герман Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектілері туралы мазмұнды әңгіме болды. Және күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алмастық. Консультациялардың атаулы күн аясында өтуінің символдық мәні бар. Бүгін Қазақстан мен Германия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Сонымен қатар, Германия делегациясы өткен жылдың желтоқсан айында Берлинде жаңа коалициялық үкімет құрылған сәттен бастап Қазақстанға өзінің алғашқы саяси сапарын жүзеге асыруда», - деді Роман Василенко ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, бүгін елордаға ГФР СІМ-нің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Лютенберг бастаған делегация келді.
«Германия біз үшін Еуро Одақтағы негізгі стратегиялық серіктес. ГФР Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 30 жылдың ішінде екіжақты ынтымақтаст ілгері дамып, жоғары деңгейге жетті. Мемлекет басшысының Германияға жасаған соңғы екі сапары өзара іс-қимылды жандандыруға жақсы серпін берді. Достық және сындарлы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға Нұр-Сұлтан мен Берлиннің бірқатар халықаралық мәселелер, оның ішінде көпжақты құрылымдар желісі бойынша ұстанымдарының ұқсастығы да ықпал ететініне сенімдімін», - дейді ол.