04 қыр, 2017 сағат 12:33

СІМ басшысы үндістандық тараптың "Абу-Даби Плазадағы" жағдайға қатысты пікірін айтты

Үндістан тарапы Астана қаласындағы "Абу-Даби Плазада" орын алған төбелестің тексерілуіне толықтай қанағаттанды. Енді олар тергеудің қорытындысын күтіп отыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. Бұл туралы ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді.

"Дипломатиялық каналдар бойынша біз Үндістанның Қазақстан Республикасында аккредиттелген елшілігімен тығыз байланыстамыз. Тергеу бойынша шетелдік тарапқа еш шағым жоқ, қазақстандық билік өкілдерінен де шағым түскен жоқ. Үндістандық тарап тергеудің қорытынды нұсқасын күтіп отыр және олар қазіргі уақытта осы жағдайдың жан-жақты тергелуіне толықтай қанағаттанды", - деді министр Парламент палаталарының біріккен отырысындағы үзіліс барысында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, осыған дейін ҚР бас прокуроры Жақып Асанов "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңында болған төбелеске қатысты пікір білдірген еді. Қазір екі қылмыстық іс қозғалды. Біреуі тұрмыстық жанжал бойынша, екіншісі - жалған ақпарат таратуға қатысты, - деп мәлімдеді ол Парламент палаталарының біріккен отырысының үзілісінде. Ал шетелдік жұмысшыларды елден көшіріп жіберу туралы сұраққа ол бұл мәселені сот шешетінін айтты.

Еске салайық, 2 қыркүйекте құрылысы жүріп жатқан "Әбу-Даби Плаза" кешенінде 20.35-те Үндістан азаматтары мен жергілікті жұмысшылар мен күзетшілердің арасында кішігірім келіспеушілік болған еді. ҚР Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаевтың хабарына қарағанда, қақтығыс күзетшінің Үндістан азаматын мас күйде нысаннан шығаруға қарсы болғандығынан шыққан. Кейін ол отандастарын шақырып, күзетшіні ұрып-соққан, жергілікті жұмысшылар оған жақтасқан, салдарынан төбелес болған, оған шамамен 30 адам қатысқан. Оқиға орнына Үндістанның Қазақстандағы елшісі, жергілікті билік пен компания өкілдері келді.