24 сәу, 2018 сағат 10:39

Си Цзиньпин ШЫҰ СІМ басшыларымен кездесті

Дүйсенбіде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне (СІМК) қатысу үшін Бейжіңге келген шетелдік делегация басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдағы меншікті тілшісі.

Кездесуге Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, бірқатар елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары: Қырғызстаннан Эрлан Абдылдаев, Өзбекстаннан Абдулазиз Камилов, Тәжікстаннан Сироджидин Аслов, Ресейден Сергей Лавров, Үндістаннан Сушма Сварадж, Пәкістаннан Хавадж Мухаммад Асиф, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов және ШЫҰ Өңірлік террорға қарсы құрылымының (ӨТҚҚ) директоры Евгений Сысоев қатысты.

Басқосуда Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының 17 жыл ішінде дамудың ерекше жолынан өтіп, аймақта ықпалды кешенді ұйымға айналғанын атап өтті. Қазіргі уақытта ШЫҰ аясында саяси, экономикалық және гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздік, сыртқы байланыстар және институтты құру салаларында ынтымақтастық тұрақты жүргізіліп келеді.

Ол Қытай тарапы ШЫҰ-ны дамытуды елдің сыртқы саясатының басым бағыты ретінде қарайтынына мән берді.

Қытай тарапы ұйымға мүше елдердің барлығымен саяси салада өзара қолдау көрсетуге, өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, үйлестіру деңгейін көтеруге, «Бір белдеу, бір жол» асында ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік экономикалық ынтымақтастық тетігін құруға және гуманитарлық алмасуды кеңейтуге әзір.

Еске сала кетсек, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Бейжіңге ресми сапармен келді, сондай-ақ ол ШЫҰ СІМК-ге қатысады. Бүгін министр Бейжіңнің «Чаоян» орталық саябағында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және «Балдырған» балаларға арналған даму орталығының салтанатты ашылуына қатысты.