18 қаз, 2021 сағат 18:22

Шымкентте қоқыс жәшігінен сәбидің мәйіті табылды - видео


Шымкентте қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестенің денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 18 қазан күні полицияға Рысқұлов көшесі бойында орналасқан қоқыс жәшіктерін тазалау барысында жаңа туған баланың мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС қызметкерлері тазалау жұмыстарын жүргізу барысында қоқыс жәшігінің ішінен жаңа туған баланың мәйіті бар пакетті тапқанын анықтады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 100-бабымен (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу құпиясын сақтау және оны қамтамасыз ету мақсатында жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.

Әлеуметтік желіде сәбидің денесі табылған жерден видео да тарады.

Жергілікті тұрғындар сәби анасының әрекетіне қатысты пікір білдіріп жатыр. "Көп адам сәбилі бола алмайды, ал осындайлар баланы қоқысқа тастайды. Өмір – бумеранг, ештеңе жазасыз қалмайды", "адам сияқты жерлесе болар еді ғой, сәби де адам", деп жатыр желі қолданушылары.