Фото: ua.depositphotos.com
Шымкент қаласының тұрғыны Луиза Атажанова 2022 жылдың 22 қыркүйегінде үшінші сәбиін дүниеге әкелді. Бірақ кесарь тілігі арқылы жасалған ота кезінде әйелдің жүрегі тоқтап қалған. Содан бері әйел төрт ай бойы комада жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Astanatv.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Луизаның туыстары бұл жағдайға анестезиологты кінәлайды. Олардың айтуынша, дәрігер жүргізілген операциядан кейін жұмыстан кеткен.
"Бұл жағдайға анестезиолог кінәлі. Оның қайда кеткенін білмейміз. Бірақ сол күннен бері оны көрмедік. Қоңырауларға жауап бермейді, бізге оның телефон нөмірін берген", - дейді жәбірленушінің анасы Малика Атажанова.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Луиза Атажанованың ем қабылдап жатқанын, оған елордалық мамандар атсалысып жатқанын түсіндірді.
"Қазіргі уақытта сананың терең зақымдалуы байқалады. Одан әрі неврологиялық оңалту және жақсы күтім қажет. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен өткен медициналық консилиум шешімі бойынша науқас одан әрі оңалту үшін көпбейінді стационардың неврология бөліміне ауыстырылды", - деп толықтырды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Шымкенттік әйелдің жаңа туған сәбиіне де тиісті көмек көрсетіліп жатыр. 1300 грамм болып туған баланың салмағы бүгінде үш келіге жуықтаған.