02 ақп, 2023 сағат 03:07

Шымкентте бірінші курс студентінің өліміне себепкер болған жасөспірімдер сотталды

Фото: "Астана" телеарнасы

Шымкентте бірінші курс студентінің өліміне себепкер болғандар сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жасөспірім колледж жатақханасында соққыдан көз жұмған.

Бүгін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жатақханадағы өлімге қатысты іске нүкте қойылды. Қылмыстық істі қараған сот төрағасы екі жасөспірімге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Судья Дәурен Сайхановтың дерегінше, олардың бірі марқұмды темекі шеккені үшін тәртіпке шақырмақ болған көрінеді. Содан екі жігіт бірінен соң бірі кеуде тұсынан екі рет соққы берген, кейін марқұм өзін жайсыз сезініпті. Ол жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. «Бұл абайсызда өлімге алып келген жағдай екені ескерілді» дейді судья.

"Біріншіден, сот кәмелетке толмағанын ескерді. Екіншіден, жәбірленуші тараптан кешірім алып, марқұм баланың анасымен татуласты. Қылмыстық кодекстің 55 бабының 2 бөлігін қолдана отырып, негізгі жазадан төмен жаза, бірақ 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Негізі, қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-ші бөлігінде жазаны өтеу 8 жылдан басталады" - деді Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот төрағасының мәліметінше, марқұмның ата-анасы кінәлі тарапқа кешірім бергенмен, атпалдай азаматтың өлімі оларды жазадан құтқармайды. Сондай-ақ, колледж тарапынан түсіндіру жұмыстарының жүргізілмегені де назардан тыс қалмады.

Айта кетейік, қайғылы оқиға былтыр 22 қыркүйекте болды.