15 мам, 2018 сағат 21:26

Шымкентте адам өлтірген Қытай азаматы қамауға алынды

Шымкенттің Еңбекшіқазақ аудандық соты адам өлтірді деген күдікпен Қытай азаматын 2 ай мерзімге қамауға алуға шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотқа материал келіп түсті, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Іс материалдарына қарағанда, олар өзара келіспей қалған болуы мүмкін», - дейді Еңбекшіқазақ аудандық сотының үйлестіруші судьясы Қайрат Ізбасаров.

Қайғылы оқиға 11 мамыр күні Шымкенттегі жекеменшік компаниялардың бірінің асханасында болған. ҚХР-ның 29 жастағы азаматы жанжал кезінде 34 жастағы өз отандасына пышақ салып, жарақат салдарынан жәбірленуші қаза тапқан. Полиция «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады.