31 нау, 2023 сағат 11:23

Шымкентте 3 жастағы бала көлікке арналған сұйықтық ішіп қойған

Сурет: Otyrar.kz

Шымкентте 3 жасар бүлдіршін мотор сұйықтығын ішіп, ауыр халде ауруханаға түсті. Баланың аузын, өңешін, асқазанын күйік шалған деген диагноз қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір анасымен бірге ауруханада жатқан 3 жасар Арман білместіктен тежегішке арналған сұйықтық ішіп қойған. Бала бірден ауырып, ата-анасы дабыл қағып, жедел жәрдем шақырған. Бүлдіршін ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер ауыз қуысының, өңешінің және асқазанының қатты күйіп қалғанын анықтады.

«Менің күйеуім көлік жөндеуші, сондықтан бұл сұйықтық үйде болды. Ал менің балам оны абайсызда ішіп қойған», – дейді анасы.

Дәрігерлер де балаға қатты токсикалық улану диагнозын қойған. Емдеуден кейін сәбидің жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды.

«Бала бізге екі күн бұрын келді. Қазір бактерияға қарсы препараттар, түрлі жақпа майлар алып, ем алып жатыр», – дейді Гипербарикалық оттегімен қамтамасыз ету орталығының токсикологы Марат Кәкенов.

Ал жуырда сірке қышқылын ішкен 5 жасар нәресте ауыр халде гиперборлы оттегімен қамтамасыз ету орталығына түскен. Оның аузы және өңеші күйіп қалған, бірақ қазір бала өз бетімен тамақтанып жатыр, жағдайы қанағаттанарлық.

Дәрігерлер ата-аналардан каустикалық сұйықтықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды сұрайды.