14 мам, 2021 сағат 12:12

Шығыс Қазақстанда 15 гектарға жайылған дала өрті ауыздықталды


Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар, орманшылар мен шекарашылар 15 гектар аумаққа жайылған қызыл жалынды сөндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 мамырда сағат 14.40-та Зайсан ауданындағы «Қаратал Құмы» учаскесінде шөп өртенген. 

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері мен орман шаруашылығының қызметкерлері жедел жетті. 

«Тілсіз жаудың жалпы аумағы 15 гектарды құраған. Өртті сөндіруге барлығы ТЖД-ның 15 құтқарушысы мен 3 техникасы, орман шаруашылығынан 12 адам, 2 техника және Зайсан шекара заставасынан 70 сарбаз жұмылдырылды» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте департамент мамандары өңір жұртшылығына ыстық және желді ауа-райында от жағуға тыйым салынғандығын ескертеді. 

Егер өрт шығып жатса, дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласу қажет.