Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова Швейцария сотында жеңді. Bloomberg агенттігінің жазуынша, соның арқасында бұрынғы президенттің қызы бұғатталған 350 млн долларын қайтарып алуы мүмкін.
3 желтоқсанда Швейцария федералдық апелляциялық соты Гүлнара Каримованың Гибралтарда тіркелген Takilant Ltd компаниясының заңды бенефициары екенін растаған. Бұл компанияның Швейцария банкіндегі есепшоты 2018 жылы қозғалған қылмыстық іс аясында бұғатталған еді.
"Бұл - Гүлнара Каримова үшін маңызды жеңіс. Федералдық прокуратура оның активтерін тәркілеп, осы процесте негізгі құқықтарынан айыруға тырысты" деді швейцариялық адвокаты Грегур Манжа.
Қылмыстық іс бойынша Өзбекстанның Б. есімді азаматы "ақша жымқыру мақсатында" Гүлнара Каримованың атынан жалған құжат жасатып, бірқатар компания тіркеді деп танылған.
Биыл қыркүйек айында Швейцария Өзбекстанмен келісімге қол қойып, 2012 жылдан бері Каримованың Швейцария банкінде қалып қойған 131 млн долларын қайтаратынын мәлімдеген.
Келісім талаптарына сәйкес, Ташкент қайтарылған ақшаны қалай жұмсағанын ашық жариялап, есеп беріп отыруы тиіс. Билік бұл қаражатты "халықтың жағдайын жақсартатын", елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жобаларға жұмсауы қажет.
Гүлнара Каримованың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында тағы 715 миллион доллар бұғаттаулы күйде қалған. Бұл қаржы да алдыңғы шартпен Өзбекстанға қайтарылуы мүмкін. Қаңтар айында Өзбекстан бас прокуратурасы Каримова ісі аясында Швейцарияға 70 өнер туындысын қайтаратынын мәлімдеген.
Өзбекстанда Каримованың үстінен "ақша жымқыру" және "бопсалау" баптары бойынша үш рет қылмыстық іс қозғалып, үшеуінде де бұрынғы президенттің қызы кінәлі деп танылған.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2017 жылы қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "бопсалады", "офшор компаниясының құжаттарын жойды" дегеп айып тағылды. АҚШ пен Еуродақтың бірнеше елі Каримованы қаржы жымқырды деп айыптағаннан кейін Өзбекстанда экс-президенттің қызының үстінен іс қозғалған.
Каримоваға алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін ол біраз уақыт үйқамақта отырды. Бірақ 2019 жылы наурызда "үйқамақ ережесін бұзды" деп айыпталып, Ташкент облысындағы түрмеге жіберілді. Каримова мен оның қызы бұл айыптарды жоққа шығарды. Осыдан соң Каримованың үстінен тағы қылмыстық іс қозғалған.
Соңғы іс бойынша Каримова 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылған.
Биыл мамыр айында Франция Өзбекстанға Каримованың 10 миллион долларын қайтарған. Бұл қаражат Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне аударылған және жалпы мақсатта жұмсалып жатыр.
Өзбекстан билігі активті қайтару бойынша Швейцария, АҚШ, Франция, Ресей Федерациясы және өзге елдердің құзырлы органдарымен жұмыс істеп жатыр. Ақпарат бойынша, мәселе Каримованың 1,3 миллиард доллар активі жайлы болып отыр.
Қазіргі кезде Гүлнара Каримова Ташкент облысына қарасты Зангиат ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.