Швейцарияда 47 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Мюленберг атом электр станциясынң жұмысы тоқтатылды.
Осылайша, еуропалық ел ядролық энергетикадан бас тарту процесін бастап кетті, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Қуаты 373 мегаватт болатын станция 1973 жылы ашылған. Көршілес Берн қаласының 100 жыл бойы энергетикалық қажеттілігін жауып тұрарлық қуат өндіріп келген.
Мюленберг АЭС-ы Швейцарияның бес бірдей атом станциясының бірі. 2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тарту туралы референдумнан кейін жабылған алғашқы станция болмақ. Содан бері мемлекет күн, жел және гидроэнергетиканың үлесін барынша арттырып келеді.
Швейцарияға көршілес Германия атом электростанциясынан 2022 жылы бас тартуы керек. Сонымен бірге, Швейцария билігі жаңа ядролық реакторларды салмайтынын, ал қалған станцияларды қызмет ету уақыты аяқталғаннан кейін жабатынын жария етті.
Швейцариядағы қалған электростанциялардың нақты қашан жабылатыны белгісіз. Әйтсе де, жұмысын тоқтататын келесі станция – Германиямен шекарадағы 1969 жылы салынған Бецнау болуы мүмкін.
2017 жылы швейцариялық атом электростанциялары елдегі электрдің үштен бірін өндіріп келген. Ал электрдің 60 пайызы гидроэлектростанцияларға тиесілі. Ал баламалы қуат көздерінің үлесі – 5 пайыз.