14 мау, 2019 сағат 11:49

Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алик Шпекбаев Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда. 

"Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы болып тағайындалсын", - деп жазылған Президенттің Жарлығында. 

Айта кетсек, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлінген еді: мемлекеттік қызмет істері агенттігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Алик Шпекбаев 1957 жылы 4 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 1987 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 1993 жылы РФ ІІМ Академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.

Шпекбаев өзінің еңбек жолын Алматы облысы бойынша Каменка ауылында слесарь болып бастаған. Қаскелең аудандық ІІБ Каменка ауылдық милиция бөлімінің бастығы, Алматы облысы бойынша ІІБ бастығы қызметтерін атқарған. 2003-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ішкі істер вице-министрі болды. 

2014-2015 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2017 жылдан бері агенттіктің төрағасы болды. 

Үйленген, екі ұлы мен қызы бар.