03 жел, 2024 сағат 16:09

Шона музейі ашылды

Фото: anatili.kazgazeta.kz

Алматыда белгілі жазушы-сатирик, ақын, еліміздің қоғам қайраткері Шона Смаханұлының ғасырлық мерейтойын атап өтті. Қаламгердің есімі берілген білім ордасында әдеби-тарихи кеш ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, гимназияның ардагер ұстаздары, оқушылары мен мектеп әкімшілігі қатысты. Сондай-ақ жиынға Шона Смаханұлының ұлы Жансерік Шонаұлы мен немерелері, гимназияның оқушылары Жәнібек пен Жанали Шоналар қатысты.

Мерейтойлық іс-шараға арнайы келген қонақтар гимназия аумағында жеміс ағаштарын отырғызып, Шона Смаханұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертетін жаңа музейдің салтанатты ашылуына қатысты. Сондай-ақ қадірлі қонақтар үшін гимназия ішінде арнайы экскурсия ұйымдастырылды, олар білім ордасының оқу кабинеттерін аралап, оқушылармен әңгімелесті. 

Мерекелі кешті ашқан гимназия директоры Мирамгүл Набидоллаева келген қонақтарға алғыс білдіріп, жиналғандарды мерейтойлы датамен құттықтады. Ол мектептің ашылуына Шона Смаханұлының өзі себепкер болғанын айтып, биыл мектептің іргетасы қаланғанына 40 жыл толып отырғанын атап өтті. 

Ал Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова гимназия ұстаздары мен ардагер мұғалімдерді қос мерекемен құттықтап, Шона Смаханұлы туралы естелік айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы осындай іс-шаралар мәдени мұраларды сақтауда, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде мәні зор екенін ерекше атап өтті.

– 1976 жылы отбасымен бірге Алматыға көшіп келдім. Ол кезде қалада бір ғана қазақ мектебі жұмыс істейтін. Ол мектепке мен орналаса алмадым. Сондықтан орыс тілін жетік білмесем де, орыс мектебіне жұмысқа тұруға мәжбүр болдым. Келесі жылы №86 қазақ-орыс мектебі ашылатынын естіп, бірден сонда бардым. Қуанышымда шек болмады. Бұл мектеп Шона Смаханұлы мен оның замандастарының  арқасында ашылған еді. Мен сол мектепте қызмет жасай жүріп Шона ағамызды өз көзіммен көрдім. Ол жан-жағына шуақ шашып, бәрімен қалжыңдасып жүретін тамаша адам еді. Қазақ мектептерін ашпаса, ұлт болашағына қауіп төніп тұрғанын айтып, Алматыда бірнеше қазақ мектебінің ашылуына бірден-бір себепкер болғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл – ерлікке парапар ізгі іс. Баршаңызды осы қос мерейтоймен құттықтаймын, – деді Аягүл Миразова.

Салтанатты кеш барысында гимназия ұжымына басқа да тілектер айтылды. Ал оқушылар жиналғандарға концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ақынның шығармаларын жатқа айтып, өлеңдерін орындады.