03 мам, 2020 сағат 16:00

Шөкеев: Халыққа жан-жақты көмек көрсетеміз

Мақтааралдағы ағын суды ауыздықтау үшін күндіз-түні ауданда жүрген Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысын өткізді. Өңір басшысы халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керектігін атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол халыққа көрсетілетін көмектің үлкен ауқымда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметтерін жинақтауды тапсырды.

- Екіншіден, апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тартуды ұсынды.

- Үшіншіден, тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін есептеуді жүктеді.

- Төртіншіден, кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтауды міндеттеді. 

- Бесіншіден, зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажеттігіне тоқталды.

«Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиянның мөлшерін есептеп, жетінші тапсырма ретінде қауіп төніп тұрған елдімекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау жұмыстарын жүргізу қажет», деді Өмірзақ Естайұлы.