10 мам, 2023 сағат 12:36

Мәжілісте электрсамокаттарды көлік құралы ретінде тану мақұлданды

Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni.

Құжатты депутат Екатерина Смышляева таныстарды.

«Көшеде самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің және олардың басқа да түрі пайда болғанын көріп отырмыз. Бізге жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Әсіресе, бұл жағдай мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр», - деді ол.

Депутат заң жобасы осыдан 2 жыл бұрын әзірленгенін, бірақ самокаттарға қатысты техникалық регламент тек былтыр шілдеде қабылданғанын айтты.

«Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсындық. Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көлік құралдары электрсамокат санатына жатады. Электрсамокаттар велосипед жолдары мен жол жиегінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл – көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім», - деді Екатерина Смышляева.

Оның пікірінше, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Электр самокат жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет», - деді депутат.