Шығыс Қазақстан облысында «Ashyq» жобасына 21 нысан қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда өңір аумағында «Ashyq» жобасының іске асырылатындығы туралы жазылған.
«26 сәуірден бастап аталған жоба фитнес-клубтарда (йога орталықтарын қоса алғанда), спа-орталықтарда, сауналар мен бассейндерде, боулинг және компьютерлік клубтарда қосылған. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар, театрлар, филармониялар «Ashyq» жобасы аясында іске қосылады. Бұл жаңашылдық қалалық және облысаралық туристік тасымалдауда да қолданылады», - делінген құжатта.
5 мамырдан бастап караоке мен банкет залдары коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмен аймақтарда жоба бойынша жұмыс істей бастайды.
Жобаға қосылған объектілер қала немесе аудан «қызыл» аймақта тұрса «сары» аймақ кезіндегі талаптар бойынша жұмыс істейді. Ал «сары» аймақта болса, сәйкесінше «жасыл» аймақтың шектеулеріне бағынады.
Қазіргі уақытта облыс бойынша «Ashyq» жобасына 21 нысан қосылып отыр.
