04 мам, 2021 сағат 09:10

ШҚО-да 175 адам өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін жауапқа тартылды


12 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысында өртке қауіпті маусым басталды. Бүгінгі күні 682 га аумақта 31 құрғақ шөптің тұтану оқиғасы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орманды-далалық өрттің алдын алу мақсатында ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғындар арасында құрғақ шөптің тұтануын болдырмау үшін рейдтер мен нұсқаулар жүргізуде. ТЖД, жергілікті полиция, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қатарынан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандарды анықтау үшін арнайы мобильді топтар құрылды. Облыста жергілікті атқарушы органдар қаражатынан қамтамасыз етілетін 85 өрт бекеті бар.

Көбінесе тұтану адамдардың өрт қауіпсізді ережелерін сақтауға немқұрайлылығынан болады.

ШҚО ТЖД шөпті тұтату мен от жағу фактілері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі бойынша қаралатынын еске салады. 336-бап: «Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинап қою қағидаларын бұзу, көрсетілген қалдықтарды жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».

Сонымен қатар ҚР Қылмыстық Кодексінің 204-бабы бойынша абайсызда жасап, ірі залал келтіріп бөтеннің мүлкін жою немесе бұлдіру жүз АЕК көлемінде немесе сол көлемде қоғамдық жұмыстарды қарастырады.

Мобильді топтар жүргізген рейдтер нәтижесінде Шығыс Қазақстанда 175 адам өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Тұтанудың алдын алу үшін келесі талаптарды сақтаңыз:

- Үй маңын құрғақ шөп пен жанатын тұрмыстық қалдықтардан тазартыңыз;

- Өз учаскеңізде от жақпаңыз;

- Ашық отты қолданумен байланысты электрмен пісіру және басқа жұмыстарды жүргізу барысында өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын сақтаңыз;

- Елді мекендер, кәсіпорындар мен ұйымдар аумағында құрғақ шөп пен жанатын қоқысты өртемеңіз;

- Темекі тұқылының арнайы белгіленген жерге тасталғанын, оның аяғына дейін сөндірілгенін қадағалағыз;

- Балаларға сіріңкемен ойнуға рұқсат етпеңіз.