Фото: Gov.kz
2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды Ult.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі мамандар мен білікті жұмысшылар санатында (үшінші және төртінші санаттар) — тиісінше 3 884 және 988 адам. Сонымен қатар 561 адам – басшылар мен олардың орынбасарлары, 2 280 адам – құрылымдық бөлімше басшылары, 3 036 адам – маусымдық жұмыстарға тартылған, ал 3 918 қызметкер корпоративтік ауыстыру арқылы келген.
Қазіргі таңда елде шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Бұл кәсіпорындарда жалпы 339 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді, яғни қызметкерлердің 96%-ы – отандық мамандар.
Салалар бойынша ең көп шетелдік қызметкерлер:
🔹 құрылыс саласында – 4 799 адам,
🔹 ауыл, орман және балық шаруашылығында – 3 065 адам,
🔹 тау-кен өнеркәсібінде – 1 187 адам,
🔹 өңдеу өнеркәсібінде – 1 085 адам.
Еңбек мигранттарының басым бөлігі келетін елдер:
- - Қытай – 5 330 адам
- Өзбекстан – 2 682 адам
- Түркия – 1 046 адам
- Үндістан – 1 012 адам
Министрліктің мәліметінше, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік мамандарды тартуға жыл сайын квота белгіленеді. 2025 жылға арналған жалпы квота жұмыс күшінің 0,25%-ын немесе 19,4 мың адамды құрайды.
Бұл шешім маусымдық жұмысшыларға арналған кәсіптер тізбесінің кеңеюіне және өңірлерден түскен сұраныстың артуына байланысты қабылданған.
