Шешенстанның мемлекеттік "Грозный" телеарнасы Instagram-да билікті сынағаны үшін жылап кешірім сұраған жергілікті жасөспірім туралы сюжет көрсетті. BBC-дің жазуынша, сюжет эфирге 26 шілдеде шыққан.
"Экстремистік мазмұндағы комментарий және оның зардабы" деп аталған сюжетте 16 жастағы Магомед Ахматовтың әлеуметтік желідегі жазбалары жайлы айтылады. Әлеуметтік желіде жасөспірім Шешенстандағы Ахмат Қадыров атындағы қайырымдылық қорының ісін мысқылдап, оны Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы "топ" деп атаған.
Сюжетте жасөспірім Шешенстан билігінен кешірім сұрайды. Одан кейін Шешенстан республикасының мүфтиі Салах Межиевтан сөгіс естиді. Сөз арасында қолындағы қағазға қарап, жасөспірімнің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан үзінділер оқыған мүфти ұзақ сөйлейді.
Видеода Ахматовтың досы деп көрсетілген Ибрагим Берсанов есімді азамат сөйлейді. Ол досының "үйден бірнеше күн бойы шықпай жүргенін" айтады.
Шешенстан телеарнасына Магомедтің анасы Аза Ахматова да сұхбат берген. Үш баланы жалғыз асырап отырған әйел шетелдік көлік пен жөндеуден өткен үлкен үйдің жанында тұрып көлік те, үй де өзінікі екенін айтады. Анасынан өзге жасөспірімнің ағаларының бірі де сөйлеп, "шешен заңы бойынша, туысы жасаған ісі үшін өздері жауап беруі керек екенін" айтқан.
Сюжеттің соңында Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың Шешенстан үкіметінің министрі Жамбулат Умаровпен сұхбаты берілген. Онда Қадыров "республика басшылығы жастар арасында экстремизмнің таралуына жол бермей, күреседі" деп айтқан.