23 мам, 2017 сағат 08:00

Шекарада «тоналған» жесір анаға қатысты апеллациялық сот отырысы Өскеменде өтеді

Осы жылдың 8 ақпаны күні Қытайдан Қазақ Еліне көшіп келе жатып, «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 59,900 АҚШ доллары кеденшілер тарапынан тәркіленген жесір ана Гүлжан Мәуітханқызына қатысты апеллациялық сот отырыс 1-ші маусым күні Өскемен қаласында өтеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Baq.kz редакциясының бақылауында келе жатқан осынау өкінішті жағдай туралы бұрыннан жазып, жұрт назарына ұсынып келеміз.

Күллі елдің қарсылығын тудырған бұл оқиғаға байланысты алғашқы сот отырысы Зайсан қаласында 17 наурызда өткен болатын. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты жалғызбасты әйелді 234-бап бойынша айыпты деп таныған. Сондай-ақ, 68 мың теңге айыппұл салып, қалған 40 мың долларды мемлекетке кіріс ретінде шешкен еді.

Ол шешімге наразы болған жалғызбасты ана апеллациялық сотқа шағым түсірді.

Қазақ қоғамында зор дүмпу тудырған атышулы бұл оқиғаға күллі жұрт назар аударып отырғаны белгілі. Әсіресе, өзге елдерден атажұртқа оралуды мақсат еткен сан мыңдаған қандастардың осы оқиғадан соң, буулы теңдерін қайта шешіп, ойланып, қорқақтап қалғаны жасырын емес.

«Апеллациялық сот оңтайлы шешім шығарып, өз ақшамды өзіме қайтарар деп үміттенемін. Ал, ол ақша қолыма тимесе, екі балам мен келінімді, інімді, оның бала-шағасын қосқанда 8 адам баспанасыз, тиынсыз далада қалғалы тұрмыз», – дейді жесір ана.