16 ақп, 2023 сағат 14:31

Шекара қызметінің директоры Челах ісіне қатысты пікір білдірді

Фото: asker.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың апелляциялық шағымы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Сенат кулуарында журналистер одан 2012 жылы "Арқанкерген" бекетінде болған оқиғаға қатысты бар шындықты айтамын деген Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруін сұрады.

"Бұл жерде пікір білдіру артық деп ойлаймын. Оқиға болған жылы қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде жағдай толық анықталды деп ойлаймын. Оның не айтқысы келетінін білмеймін. Қылмыстық іс жүрді, тергеу толық көлемде өтті, бұл нәтижелер қисынды соңына дейін жеткізілді. Егер мәлімдемелері болса, соған қарайық, әңгіме не туралы екен, өйткені қазір оның не айтарын білмеймін", - деді Ерлан Алдажұманов.

Оның айтуынша, Шекара қызметінің қызметтік ұстанымы тергеу ұстанымы мен соттың қорытындысына сәйкес келеді.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ Владислав Челах "Арқанкерген" бекетіндегі 15 адамның өліміне қатысты жағдайды түсіндіруге дайын екенін мәлімдегенін хабарлаған болатын. Челах 2012 жылғы мамырда "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 қызметтесі мен бір орманшыны өлтірді деп айыпталған болатын.